ҚР Жоғарғы Сотында өткен кезекті брифинг
ҚР Жоғарғы Сотының Ресми өкілі О. Петерс кезекті брифингте ел соттарында қаралған бірқатар істердің нәтижелері жайында хабардар етті. Оның айтуынша, Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы жуырда талапкер К. Адиевтың Павлодар облысының Ішкі Істер Департаментіне 18 айлық көлеміндегі бір реткі өтемақы мен 1 млн. тенге көлеміндегі моралдық шығынды өндіру туралы азаматтық іс бойынша соңғы нүктені қойды. Сонау 2008 жылы Павлодар облысының ІІД дәрігерлік комиссиясы талапкер К. Адиевтың оң жақ өкпесінің емдеуді талап ететіндігі жөнінде қорытындыға келген. Осы қорытынды негізінде К. Адиев 2-ші топтағы мүгедек болып танылған. Тиісті құжаттарын ІІД-не алып келген К. Адиев, өзінің бұрынғы жұмыс орнынан 18 айлық көлеміндегі бір реткі өтемақыны сұрағанымен, Павлодар облысының ІІД-і төлеуден бас тартқан. Өзінің заңды құқығын қорғауды талап еткен К. Адиев Павлодар қалалық сотына шағымданды.
Алайда, қалалық сот пен облыстық соттың апелляциялық сот алқасында қолдау таппаған талапкер, өзінің соңғы үмітін артып Жоғарғы Сотқа келеді. Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы аталмыш іс материалдарымен таныса келе, жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, талапкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.
Талапкердің өкпе ауруына ішкі істер органдарындағы қызметі кезінде тап болғандығын негізге алған Жоғарғы Сот жауапкерді К. Адиевке 18 айлық көлеміндегі бір реткі өтемақыны төлеуді міндеттеді.
Брифингте мәлім болғандай, ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасында шешімін тапқан қылмыстық істердің бірі бойыншаҚарағанды облысының Октябрь аудандық сотымен айыпталушы К. Қылмыстық кодекстің 259-бабы, 1-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілей отыра, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда мұндай үкіммен келіспеген сотталушы К. облыстық сотқа шағымданған болатын. Ол сатыда үкім өзгеріссіз қалдырылған. Сот үкімі бойынша 2,4 грамм героинды сатып алған уақытта қолға түскен К. Жоғарғы Сотқа шағымданып, өзінің кінәсіз екендігін, қалтасынан табылған есірткіні құқық қорғау органдарының қызметкерлері қалтасына салғандығын айтып, өзін ақтауды сұраған.Істі Жоғарғы Сотта қарау барысында алқа судьялары, сотталған К-ны тінту кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан жіберілген құқық бұзушылықтарды, жедел бейнетүсірілімнің жасалып жатқан іс-әрекеттерді толыққанды түсірмегендігін ескере келе, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күшін жойып, істі өндіріспен қысқартты.
Осылайша өзінің заңды мүдделерін қорғап, кінәсіз екендігін дәлелдеген қарағандылық азамат Жоғарғы Сот қаулысымен жауапкершіліктен босатылды.
ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасында қаралған тағы бір іс бойынша бірінші сатыда айыпталған екі азамат ақталды.Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотында қаралған аталмыш қылмыстық іс бойынша жергілікті ЖШС директоры мен оның орынбасары салынып жатқан осы ЖШС-қа тиесілі көкөністі сақтаушы қоймада орын алған өрттің нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандығы үшін кінәлі деп танылып, 7 және 6 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Сотталушылар өз жазасын қоңыстану-колониясында өтеу керек болатын. 2009 жылдың қараша айында орын алған өрттің салдарынан 14 адам қаза тапқан болатын.
Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасы өртенген қойманың әлі салынып жатқандығын, оның тапсырыс берушілердің, яғни, айыпталғандардың құзырына берілмегендігін алға тартып, арнайы тексеру барысында анықталғандай, өрттің бұл нысанды салушы тараптан жіберілген қателік салдарынан орын алғандығын анықтады. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 651, 661-ші баптарына сай тапсырыс беруші заң талаптарына сай қабылдамаған нысан үшін оны салып жатқан мердігер жауапты.
Тергеу органдары тапсырыс беруші ЖШС-тың директоры мен оның орынбасарымен қатар, осы көкөніс сақтаушы қойманы салушы мердігер компания басшысының орынбасарын, басқа жұмысшыларын жауапқа тартқан. Ал осы мердігер компанияның басшысы болса, неліктен екендігі белгісіз қылмыстық қудалау органдары назарынан тыс қалған.
Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере келе, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы осы іс бойынша қылмыстық қудалау органдарымен негізсіз жауапкершілікке тартылған екі азаматты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Қазіргі таңда көпшілікті толғандырып отырған қылмыстық істердің бірі жуырда Атырау қалалық №2 сотында қаралып, аяқталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 275-бабының 2-ші бөлігімен айыпталған 17 мен 20 жас аралығындағы бес жергілікті тұрғын қаладағы «Ноғай» атты зиратқа барып, он шақты құлыптасты қиратып, зақымдаған. Айыпталушылар өздерінің бұл әрекеттерін не себеппен жасағандығын айта алмаған.
Мұндай іс-әрекетке барған жастардың барлығы дерлік жергілікті арнаулы оқу орындарында оқитын студенттер. Айыпталушылардың сот барысында берілген айғақтарын, оқиға орнынан табылған дәлелдемелерді сараптай келе, сот қылмысқа белсенді түрде қатысқан төрт айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 275-бабының 2-ші бөлігімен кінәлі деп танып, жарты жылға бас бостандықтарынан айырды. Сотталушылар өз жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Ал қылмыс жасау барысында кәмелетке толмаған айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 275-бабының 2-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, жарты жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сот қабылдаған үкім заңды күшіне енді, шағым немесе наразылық келтірілген жоқ.
Осы орайда айта кететін ақпарат, қазіргі таңда Астана мен Алматы қалаларында қызмет етіп жатқан кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған соттары келесі жылдан бастап барлық облыстық орталықтарда жұмыс жасай бастайды. 2007 жылы Елбасының «кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған соттарды құру туралы» Жарлығы қабылданған болатын. Осы кезеңнен бастап Қазақстанда ТМД елдері үшін ерекше, жаңа сот өндірісі қалыптастырылып, әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен қорғауды қажет ететін жасөспірімдердің құқықтарын қорғау мәселесі қолға алынды. 2008-2010 жылдар аралығында Астана қаласындағы кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған соты 338 тұлғаны жауапкершілікке тартса, оның ішінде 35-не ғана бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. 207 жасөспірім (жалпы сотталғандардың 59 пайызы) шартты түрде жазаланса, 86 тұлғаға (28 пайыз) қатысты істер бітімгерлікпен аяқталған.
«Журналистер тарапынан келіп түскен сұранысқа сай, тағы бір іс бойынша ақпарат беруді жөн көрдік»,- деді О. Петерс.Бұл іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралып, аяқталған. Сот үкіміне сай, 28 бен 33 жас аралығындағы бес қарағандылық алдын-ала уағдаластық бойынша қылмыстық топ құрып, қаланың орталық көшелерінде бейтаныс жасөспірімдерді ұрып-соғып, бағалы заттарын тонаған. Аталмыш топ 2010-2011-ші жылдар аралығында Қарағанды қаласының аумағында бірнеше мәрте қылмыстық әрекеттерге барып, негізінен жәбірленушілердің алтын бұйымдарын, ұялы телефондарын қолды қылған. 2010 жылдың қараша айында аталмыш топ мүшелерімен алкоголдік ішімдік ішу барысында туындаған қақтығыс нәтижесінде жәбірленуші В-ны ұрып-соғып, мойнына арқан салып, автокөлікке байлап, ақыр аяғында тұншықтырып өлтірген. 

Мұнымен шектелмеген аталмыш қылмыстық топ мүшелері қала көшелерінің бірінен кездестірген таныс бойжеткенді көліктеріне алдап отырғызып, қала сыртына алып шығып, зорлап, өмірін қиған. Жалпы алғанда аталмыш топ мүшелері бірнеше адамды тонап, үш адамды өмірінен айырған. Сот барысында жүргізілген сот-психикалық сараптамаға сай, айыпталушылар ешқандай психикалық ауруларға шалдықпаған.
Іс материалдарын сараптай келе, сот аталмыш қылмыстық топ басшысын 22 жылға бас бостандығынан айырса, топтың қалған мүшелері 16-18 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар өз жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Аталмыш іс бойынша апелляциялық шағым келтірілген болатын. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық сот алқасы бірінші сатылы сот үкімін заңды әрі негізді деп тапты.
Кез-келген реформа, соның ішінде сот- құқықтық реформасы да бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан қолдауды талап етеді.Қазақстандық судьялар бұқаралық ақпарат құралдарымен арадағы қарым-қатынасты жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасауда: Қазақстанның «Судьялар Одағы» РҚҰ, Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығы қоры және Қазақстанның журналистер Одағымен бірлесіп өткізілетін «Қазақстанның БАҚ-ы мен Соттары» Форумы нәтижелі жұмыс жасап, жалғасын табуда.
Ендеше, соттардың, судьялардың бұқаралық ақпарат құралдарымен арадағы өзара байланысын одан әрі жетілдіру мақсатында Жоғарғы Сот «Судьялар Одағы» РҚҰ, байланыс және ақпарат Министрлігі, Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығы қоры және Қазақстанның журналистер Одағымен бірлесіп, 2011 жылдың соңына дейін «Бұқаралық ақпарат құралдары мен сот билігі» зерттеуін жүргізеді.
Мұндай зерттеуді өткізу соттар мен БАҚ арасындағы өзара байланыс барысында туындайтын күрделі мәселелерді анықтап, алдағы уақытта соттар қызметінің сапасын жоғарылатуға, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға, тиісінше сот билігінің беделін жоғарылатуға, ақпарат тарату саласындағы заңдылыққа алып келеді деген пікірдеміз.
Сауалнамаға кез-келген журналист қатыса алады. Ол үшін Жоғарғы Соттың ресми сайтына кіріп, арнайы анкетаны толтыру қажет.
Қазақстанның «Судьялар Одағы» РҚҰ, Халықаралық судьялар қауымдастығының құрамына енді. Халықаралық судьялар ассоциациясы 1953 жылы құрылып, қазіргі күні БҰҰ мен Еуропа Одағы жанындағы ұйым мәртебесіне ие. Аталмыш ұйымның негізгі мақсаты – дүние жүзіндегі сот құрылымдарының тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсету. Ағымдағы жылдың мамыр айында Жоғарғы Сот басшылығы осы ұйым өкілдерімен кездескен болатын. Ассоциация өкілдері Қазақстанның сот қауымдастығы туралы есеп дайындап, соның негізінде Түркияда өткен 54-ші отырысында ҚР Судьялар Одағының осы ұйымға толыққанды мүше болуы туралы шешім қабылдады.
Сарапшылар Қазақстанның сот жүйесі көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша халықаралық стандарттарға жақын, сондықтан еліміздің сот қауымдастығының Халықаралық судьялар ассоциациясының құрамына енуіне толық мүмкіндігі бар екендігі туралы пікір айтқан болатын.
Еліміздің сот жүйесінің аталған ұйым құрамына енуі - ұлттық сот билігінің жоғары сатыға көтерілу бағытындағы қызметінің нәтижесі, жемісі деуге болады. Қазақстанның сот жүйесінің бұл халықаралық ұйымның мүшелігіне өтуі 77 ел қатысатын дауыс беру кезінде шешілді.












