Тоғыз айдың жұмысы қорытындыланды
Жамбыл облыстық сотында облыс соттарының 2011 жылдың 9 айында атқарған жұмысының қорытындылары бойынша кеңейтілген жалпы отырыс өтті.
Жамбыл облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғановтың кіріспе сөзінен кейін Жамбыл облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрайымы Ғ.Мусабекова аталған есептік кезеңдегі қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудағы жұмысына тоқталып өтті.
2011 жылдың 9 айынының қорытындысы бойынша облыстық бірінші сатылы соттармен 2077 тұлғаға қатысты 1747 қылмыстық іс, ал апелляциялық сот алқасында облыс соттарының 731 тұлғаға қатысты 590 үкімдері мен қаулылары қаралған. Өткен жылмен салыстырғанда үкім шығаруымен қаралған қылмыстық істер көрсеткіші азайғанымен, апелляциялық сот алқасында қаралған істер санының көрсеткіші көтерілгені байқалады.
Ағымдағы жылдың 9 айында Жамбыл облысының соттармен 10896 азаматтық іс қаралып, оның ішінде 1091 азаматтық істер бойынша сот қаулылары апелляциялық сот алқасында қаралған. Бұл соттармен шешім шығару арқылы қаралған істердің көрсеткіші төмендеп, шағымдалған істер санының көбейгені байқалады. Сонымен қатар өткен кезеңде апелляциялық сот алқасы судьяларымен судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар талдау жұмыстары жүргізілді.
«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қазіргі таңда жергілікті соттардың алдына судьялардың қызмет барысындағы кемшіліктеріне қатысты азаматтар тарапынан болатын шағымдар мен өтініштерді заңдылық талабына орай қараудағы олқылықтарды жою, соттардың өндірісіне түскен арыз-шағымдарды қарау мерзімінің сақталуын және істердің соттарда жедел қаралуын қадағалау, сот төрелігін жаңа сатыға көтеру, халықтың сотқа деген сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлықты сот жүйесінен жою сияқты мәселелер қойып отыр. Бұл талаптарды біз сот практикасын бірыңғай жүйеге келтіру арқылы, соттардың істерді негізсіз кейінге қалдыруын, негізсіз қайтаруын, заңсыз қайта ашылған мән-жайлармен қабылданған шешімдерді бұзуын доғару, бірінші сатылы соттармен және апелляциялық сот алқасымен материалдық және процессуалдық заң нормаларының дұрыс қолданбауын шектеуді қадағалау арқылы орындай аламыз» - деген Жамбыл облыстық сотының судьясы Ж.Т.Рустембеков кассациялық сот алқасының жұмысына тоқталып өтті.
Есептік кезеңде, Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот алқасына барлығы 586 шағым түскен. Оның ішінде апелляциялық сот алқасының қаулыларына 572-шағым түссе, апелляциялық сот алқасының ұйғарымдарына 14-шағым келіп түскен.
2011 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы соттарымен 9032 тұлғаға қатысты 9021 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып, ӘҚБтК-нің 655 бабының талаптарына сай бірінші сатылы сотының 200 қаулысына шағым және наразылық келтірілген.
Облыс соттарында құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстың барысы туралы Жамбыл облысы соттарының облыстық тәртіптік-біліктілік алқасының және ҚР Судьялар Одағы Жамбыл облысы филиалының Сот Әдебі бойынша комиссиясының төрағалары баяндап өтті.
Отырысты қорытындылай келе облыстық соттың төрағасы М.Бектұрғанов сот төрелігін асыру барысындағы жұмысты жақсарту мақсатында тапсырмалар берді.












