Мемлекеттік тіл-елдегі береке-бірліктің негізі
Жамбыл облыстық сотында мемлекеттік тілге деген оң көзқарас арқасындағы шаралар күнделікті жүзеге асырылып келеді. Мысалы, жуырда ғана облыстық сотта осы тақырыпта жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілген болса, бүгін облыстық сот жүйесінде қызмет атқарып жүрген мамандар арасында қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Тіл достығы – халық бірлігі» атты байқау өткізілді.

«Халықтың тілін білген – оның байлығын біледі, халықтың ділін білген – оның тарихын да біледі» деген дана сөздің айғағы ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын, бедел-мерейін арттыруды мақсат еткен байқауға бауырлас ұлт пен ұлыстардың өкілдері қатысты.
Облыстық соттың төрағасы М. Бектұрғановтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл тіл мерекесіне республикалық және жергілікті БАҚ-ы өкілдері де қатысты.
Жамбыл облысы соттары қызметкерлерінің арасында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге жаңа серпін беру, мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің сот жүйесінде кеңінен қолданылуына жағдай тұғызу және басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді қызмет барысында толық қолдануына ықпал ету мақсатында өткізілген байқау үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңінде қатысушылар әділ қазыларға өздерін таныстырып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетсе, екінші кезеңде қазақ тілінде сауатты жаза білу басты назарда болды. Сайыс соңында оған қатысушылардың тез, әрі сапалы аударма жасауы бағаланып, тіл тазалығының сақталуына көңіл бөлінді.
Байқаудың қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық сотының бас маманы – қазақ тілін жақсы меңгерген өзбек қызы Нигора Умарова жеңімпаз атанды. Шу аудандық сотының жетекші маманы Малика Кахарманова бірінші орынды иеленсе, екінші орын мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотынының бас маманы Гүлнар Айдымбетованың еншісіне тиді. Ал қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы Сырым Сембиев үшінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі орындарға ие болғандар алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталса, өзге қатысушылар да құр қалған жоқ.












