Облыстық сотта сот жүйесінің тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды
Ақмола облыстық сотында мұражайды салтанатты ашу рәсіміне ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Б. Жұмағұлов, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ж. Ерғалиев және Ақмола облысының әкімі С. Дьяченко қатысты.
Сондай-ақ шараға судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, қала әкімі, облыстық мәслихаттың, құқық қорғау органдарының, прокуратура, жергілікті мемлекеттік мекемелердің өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мұражай ашу бағытындағы жұмыс өткен жылы басталып, жыл бойы облыс аумағындағы соттардың тарихынан сыр шертетін экспонаттар жиналды. Облыстық, аудандық, қалалық сот ұжымдарының, құрметті демалыстағы ардагер судьялардың және олардың ұрпақтарының қолдауының нәтижесінде, сот жүйесінің тарихын сипаттайтын жәдігер бұйымдар мен құжаттар жиналды. «
Мұражайдың негізгі экспозициясына көкшетаулық суретші Б. Жамантаевтың «Билер сотының отырысы» диорамасын жатқызуға болады. Астаналық мүсінші Т. Ермековтың қолымен жасалған Қанай би, Әлдебек би, Саққұлақ би, Етекбай би сияқты билердің бюст ескерткіштерін негізгі экспонаттар тобына жатқызуға болады.
Одан басқа да мұражайдан сот ардагерлері сот актілерін басу үшін 1989 жылы пайдаланған жазу машинкасын, Ақмола облыстық сотының ең алғашқы төрағасы болған Әлімжан Баймұқановтың жеке заттары, ХYІІІ ғ. Қанай бидің кәдесіне жараған ағаштан жасалынған ыдыс, билердің суреттері, 40-50 жылдардағы облыстық сот ғимаратының суреттері, 90-жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі судьялардың киім үлгісі, судьяларды марапаттау туралы құжаттарды, орден және медальдарды, 50-60 жылдардың заңгерлік тақырыптағы әдебиеттерін көруге болады.
Мұражайдың ендігі мақсаты заман өзгерістеріне сай сот жүйесінің және жалпы еліміздің тарихи кезеңдерін бейнелейтін тақырыпта экспонаттар жинап келушілердің назарына ұсыну.












