Облыстық соттар





 «У.Қошанов: Сот жүйесінің күретамыры - Ата заңнан сусындайды», «Айқын», 31.09.2011ж., К.Төрежан


- Убайдулла Қайырлаұлы, Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 16 жылдық мерекесі тойланғалы жатыр. Аз мерзім емес, дегенмен бұл Конституцияға дейін де бүкіл қазақ даласына құзыреті жүрген Ата заңдарымыз болды. Қазіргі Конституцияның бұрын­ғылардан қандай өзгешеліктері, артықшылығы бар?
 
- Әрбір тәуелсіз мемлекеттің басты құжаты - оның Ата заңы екендігі баршаға мәлім. Ата заңның қайнар көзі, түп тамыры сонау ғасырлар қойнауындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз-Тәу­кенің «Жеті жарғысынан», яғни дәстүрлі құқық бастаулары ретін­де танылатын негізгі үш дала «конс­титуциясынан» бастау алады. Бұдан соң Алаш өкіметінің алғашқы конституциялық дербес мемлекет құруға бағытталған жобалары Ата заңымыздың қа­лыптасуына мемлекеттік құры­лымдарды нығайтуға ықпалы бол­ды десек, артық емес. Ал енді бе­рірек келсек, 1990 жылғы қа­занның 25-інде қабылданған Тәуелсіздік Декларациясы Қазақ­стан елі өзінің ұлттық мемлекетін құрып, оны нығайтып, сақтап, қорғай алады деп жариялады. Аталмыш Декларация Кеңес өкіметі ыдыраған соң біздің елі­мізде халықтар достығын жал­ғастыру мақсатында ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттар тепе-теңдігін, мемлекет тұтастығын көздеп, алғашқы рет Қазақстан өз еркімен дербес тәуелсіз ел болып танылып, өзге шет мемлекеттермен қарым-қа­тынас жасай алатындығын ай­қындап алды. Ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, иеленген өзінің жеке территориясы шекарасы бар, яғни ата-бабаларымыз ар­ман­даған мақсатқа жетіп 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда мемле­ке­тіміздің тәуелсіздігі жарияланды. Біздің елімізде 1927, 1937, 1978 және 1993 жылдары Конституция қабылдағаны белгілі. Алайда нарықтық эконимиканы дамытуға бағыт алған мемлекетіміз үшін 1993 жылғы қабылданған Конс­титуцияның аясы бұрынғы ке­ңес­тік қағидалардың шеңберінен шыға алмай, әкімшілдік ере­же­лерді арқау етіп, мемлекеттің де­мократиялық институттарының дамуына тұсау бола бастады, заманның өзгерісіне, атқарушы, заң шығарушы, сот биліктерін қамтымай, жаңа нормативтік құ­қықтық заң саласына қай­шы­лық­тары бар екендігін байқатты. Бұл мән-жайлар одан арғы саяси және экономикалық жаңғырудың объективтік қажеттілігін, Қазақ­станның қоғамдық саяси дамудың жаңа кезеңіне енуіне консти­ту­циялық бетбұрыс жүргізу керек­тігін көрсетті. Сөйтіп, 1995 жылы жалпы халықтың талқылауынан өтіп, жаңа Ата заң қабылданды. Жаңа Конституцияда: «Қазақстан Респуликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнық­тырады, оның ең қымбат қазы­насы - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деген қағида бекітілді. Еліміздегі биліктің үш тармағы: атқарушы, заң шығарушы, сот билігінің рөлі айқындалып, екі палаталы Пар­ламент, Президенттің құзыры мен міндеттері, сот билігінің өкілеттігі жіктеліп, осы Конституцияда реттелді. Бұдан басқа Конс­ти­туцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін- өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын көрсетті. Конс­титуцияның маңызы мен рөлін күшейту мемлекеттегі құқықтық саланың дамуының заңды тен­ден­циясы болып табылады. Рес­пуб­ликада Жоғарғы сот бас бо­лып, бірегей соттық жүйе құ­рылып, біркелкі соттық тәжі­рибе орнатылып, бірегей кадрлық саясат жүргізуге себепші болды.
- Конституция еліміздегі әрбір адамның құқығын қорғаса, сот билігі Конституциядан бастап бар­лық заң актілерінің бұзылмауын, орындалуын қадағалайды. Сон­дықтан Конституция күнін сот жүйе­сі төл мерекесі ретінде атап өте­тін болар.
- Қазақстан судьяларының бесінші съезінде Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің Конституциясында Қазақстан адам және оның өміріне, құқық­тары мен бостандықтарына өзінің ең қымбат қазынасы ретінде қа­райтын мемлекет ретінде сипат­талады» - деп атап өтті. Еліміз еге­мендік алған алғашқы күн­дерден бастап, Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуел­сіз сот пен қуатты құқық қорғау органдарын құруды мемлекет дамуының басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, осыған қа­тысты шаралардың жедел жүзеге асырылуын талап етуі және тікелей қолдауының арқасында қазіргі таңда тәуелсіз мем­ле­кетіміздің тұғырлы сот-құқық қорғау жүйелері қалыптасты. Сот жүйесінің дәл қазіргі уақыттағы жеткен басты биігі - халықтың сотқа деген сенімінің артуы. Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі және бірегейі - соттың ашық­тығы, жариялылығы, халық пен сот арасында екіжақты байла­ныс­ты бекемдеу болып қала бермек. Үстіміздегі жылдың 28-шілдесінде Жоғарғы сот төрағасы Бектас Әбді­­ханұлы Бекназаровтың бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу кезінде: «Елбасының «Әділ және адал сот - демократиялық, құқықтық мем­лекеттің маңызды негізі» де­ген сөзін басшылыққа алып, сот жүйесіндегі рухани өзгерістердің де тереңдеуіне зор мән бермекпіз, яғни судья заңға қалай адал болса, адамгершілік ұстанымы алдында да сондай таза болуы керек деген талап біздің жұмысымыздың негізгі бағыты болады» деп қадап айтқан болатын. Қазіргі таңда елдің басты саяси құқықтық құ­жатын қабылдау біздің отанымыз­дың тарихындағы елеулі оқиға болып, Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне көшудің басын айғақтап, саяси жүйенің нақ ор­тасында құқықтарымен, тәуіл­сіз­дігімен бірге адам, азамат тұрған­дығы мелекетіміздегі жүргізіліп келе жатқан құқықтық рефор­маның жемісі болып есептеледі. Ал азаматтардың құқықтары мен еркіндігін сақтау - нарықтық экономикадағы демократиялық үрдістердің дамуының алғышарты болып отыр.
- Соңғы қабылданған Конс­титуция Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды ма?
- Әрине, орнықтырды. Көш жүре түзеледі, заман талабына қарай Конституциядан бастау алатын көптеген заңдарымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы, әлемдік аренада өзінің орны бар демократиялық, зайырлы мемлекетке айналдық. Соңғы жылдары Елбасының нұс­қауына сәйкес, конституциялық бетбұрыстарды бекіту бойынша, заңдық, ұйымдастырушылық және басқа да бағыттарда кешенді жұмыстар жалғасуда. Конс­ти­туцияға енген жаңашылдықтың маңызды блогы түзетулер болып, солардың арқасында соттық жүйені жетілдіруге байланысты адамның конституциялық құқығы мен еркіндігін қорғау кепілдігін күшейтуге қатысты сауалдар шешімін тапты. Соттық жүйені құруға бағытталған жалпыға та­ны­­мал халықаралық стандартқа толық жауап беретін, азаматтар­дың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін қорғауды қамтамасыз етуге қабілетті тағы бір тарихи елеулі қадам жаса­лынды. Жалпы айтқанда, Конс­титуциялық ережелерді жүзеге асырудағы басты мақсаттардың бірі елімізде конституциялық тәртіп пен заңдылықты қамту. Өйт­кені мемлекет саясатының құ­қық қорғау сипаты Консти­ту­цияда негізделіп, бұл барлық қылмыстық - құқықтық саясатты гуманитарлау процесіне әсер етеді. Адам және азамат құқық­тары мен тәуелсіздігін қорғаудың ұлттық механизмдері оны қам­тудың халықаралық құқықтық қа­лыптарымен біртұтастай то­лығатыны сөзсіз, оған Қазақстан да қосылуда.
- Сот жүйесінің дамуына Конс­титуцияның ықпалы болды ма?
- Сот жүйесінің жалпы да­муын­да Ата заңның маңызы ерекше болып табылады. 2000 жылғы желтоқсанның 25-інде қабылданған «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес, Ата заңымызда сот жүйесінің дамуына бағытталған бірқатар қағидалар қамтылып, сот сала­сын­дағы құқықтық реформаға тың серпін берді. Аталмыш заң­ның баптары соттың әділдік ар­қылы ғана сот төрелігін атқару­дағы қағидаларын одан әрі да­мытуға мүмкіншілік жасап, судьялардың тәуелсіздігін, оларға жасалатын әлеуметтік кепілдерді айғақтап, қоғамдағы статус­та­рының ерекшеліктерін бекітті. Атап айтсақ, Қазақстан аудандық соттар деңгейінде мамандан­дыруды таңдап, әкімшіліктік, экономикалық және ювеналдық соттар іс жүзінде өз өміршеңдігін көрсете алды. Сот жүйесін же­тіл­діру барысында сот сатыларының бірін-бірі қайталайтын тұстары өзгеріске ұшырап, үш буынды соттардың жұмысы қолға алынды. Үш буынды сот жүйесінің түп қазығы - Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының тек қана күші­не енген соттық актілерді қайта қараушы жалғыз жоғары бақылау инстанциясы болуында. Сондай-ақ бірегей соттық тәжірибе қа­лыптасып, сот тәжрибесі жөнінде нормативтік қаулылар қабыл­дауында, ал облыстық соттарда апелляциялық және кассациялық сот сатыларының сот төрелігін атқаруында деп түсіну керек. Өлім жазасы және өмір бойы бас бостандығынан айыру қарасты­рыл­ған аса ауыр қылмыс бойынша істер бүгінде әр облыста құрылған ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соттардың құзырына өткен.
- Сот төрелігінің сапасын арт­тыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Қазіргі кезде Жоғарғы сот­тың бастамасымен, сот билігінің мәртебесін көтеру және халықтың сот төрелігіне сенімін арттыруға бағытталған шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстық және оған теңестірілген соттарда апел­ляциялық және кассациялық сот сатыларында азаматтық және қылмыстық істер бойынша ма­ман­дандырылған сот құрамдары құрылды. Мұндай өзгерістер сот төрелігімен қабылданған үкімдер мен шешімдерді қадағалау үшін тиімді екендігін көрсетті. Бірінші сатыдағы қаралған істерді қайта қарауға шектеу салып, жалпы, сот төрелiгінің сапасын арттыруда өз нәтижесін беретіні байқалуда. Қазіргі таңда, жергілікті соттарда әділеттілік пен заңдылыққа жү­гін­ген халықтың сенімін сот төре­лігіне арттыру күн тәртібінің алдыңғы қатарында тұрған мә­селе. Қазіргі таңда сотқа дейінгі өн­дірістегі істерге сот бақылауы­ның шегін кеңейтуге мүмкіншілік туды, іс қараудың мерзімдері қыс­қарды, ақпараттық-құқықтық қолдау көрсетіп, сот төрелегін асырауда сотқа қатысушыларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Алқа билер институты енгізіліп, әділ сотты жүзеге асыруға халық өкілдері тартылды.
- Убайдулла Қайырлаұлы, Конституцияда жазылған адам құқығының қорғалуына қатысты заңдарда қандай жағымды өзгерістер болды?
- Ең бастысы, адамдық өмі­рінің бағалылығы мойындалды, әркімнің өмірге құқығы ескеріліп, Конституцияға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, елімізде өте қатал жазаға тарту қысқартылды, өлім жазасы тек соғыс уақытындағы немесе террористік әрекеттерге жататын қылмыстарға немесе көптеген адамдардың қазасына соқтырған аса ауыр қылмыстарға қатысты ақтық шара ретінде қарастырылды. Конституциядағы өзгеріске сәйкес, екі жылға жуық уақыт бойы тұтқындау соттың санкциялауы арқылы жасалатын болды. Бұл жаңашылдықты мем­лекеттің адам құқығын қорғау төңірегіндегі жалпыға танымал стандарттарға жақындауының аса маңызды бөлігі деп білу керек. Бұл соттық бақылауды кеңейтудің және алдын ала зерттеу жүргізу кепілдігін енгізудің алғашқы қадамы. Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шара­ларды жүзеге асырып жатыр. Қа­зір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға болады. Дегенмен осы Ата заңымыздағы қарастырылған құқықтар мен еркіндіктердің жүзеге асуын қолдап, бағалауымыз керек. Мы­салы, америкалық бүкіл халық өз елдерінің Конституциясына та­бынады. Оның сыры - бала туған­нан бастап, отбасында, бала­бақ­шада, мектепте конституциялық мәдениетке тәрбиеленеді. Конс­ти­туцияны олар Америка Құрама Штаттарының жарқын болашағы, қарқынды дамуының негізі ретінде қабылдайды. Егер біз бала кезден бастап ұлтжандылық қасиетті бойына сіңіре білсек, әрбір азаматымыз еліміздің пат­риоты болып шығатыны хақ. Осын­дай жағдайда ғана біз қо­ғамның шынайы конституциялық дүниетанымын, жаңа конс­титуциялық мәдениетті қалып­тастыра аламыз. Мәдениеттілік, отансүйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шең­берінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры Ата заңымыздың бұлағынан сусын­далады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Экономический Суд Содружества Независымых Государств Генеральная Прокуратура Республики Казахстан Парламент Республики Казахстан Министерство Внутренних дел Республики Казахстан База данных нормативных правовых актов Республики Казахстан Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы Сайт Правительства Республики Казахстан Агентство Республики Казахстан по борьбе с экономической и коррупционной преступностью Электронное правительство Республики Казахстан Сайт Президента Республики Казахстан

© Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, 2011 Барлық құқықтар қорғалған. Материалдардың қолдануы туралы