Мемлекет басшысы 2012 жылғы 17 ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің рөлін арттыруға және соттардың тәуелсіздігінің кепілдігін нығайтуға бағытталған «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күшін жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.      Мемлекет басшысы 2012 жылғы 17 ақпанда сот құрылысын одан әрі жетілдіруге және соттардың тәуелсіздігінің кепілдігін нығайтуға бағытталған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына қол қойды.      Мемлекет басшысы 2012 жылғы 20 ақпанда сот ісін жүргізуді одан әрі жетілдіруге және соттардың істерді қараудың жеделділігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.    
Облыстық соттар





«Жоғарғы соттың жақсы нышан ретінде айқындалды», «Айқын», 9.12.11ж.

Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі - соттардың әділдігі болып отыр, бұл туралы Президентіміз «Әділ және сатылмайтын сот - демократиялық және құқықтық мемлекеттің аса маңызды негізі. Егеменді Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі - бұл соттар мен судьялардың тек формалды-заңды ғана емес, сонымен қатар нақты тәуелсіздікке ие болуы» керек деген болатын.
 
Дәл осы мәселелер Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде өткен «Жоғарғы соттың ізгі бастамаларын қоғам болып қолдау қажет» атты дөңгелек үстелде жан-жақты сөз болды. Оған танымал заңгерлер, журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Қоғамдағы әділетсіздікті реттеп, қарапайым халықтың шындық іздеген үмітін оятып, еліміздің бүгіні мен болашағына деген сенімді қалыптастыратын ең жоғарғы биліктің бір тармағы, ол - Жоғарғы сот. Ал халқымыз «Сот беделі - мемлекет беделі» деп тегін айтпаған. Өйткені шындық пен әділеттілікке қол жеткізудің шамшырағы деп танылатын сот туралы бір ауыз келеңсіз сөз айтып, оның жұмысына күмән келтіру халықтың мемлекетке деген сенімін шайқалтумен бірдей. Ал мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаровтың баспасөз беттерінде «Сотқа деген халық сенімін жоғарылату - басты мақсатымның бірі», «Судьялардың абыройы мен атақ-беделін қорғауымыз керек» деп шырылдауы, осы жауапкершіліктің батпандай салмағын сезінуінен деп түсінеміз.
 
Таяуда Қарағанды қаласында өткен мәжілісте Бектас Әбдіханұлы «Қазақстан Республикасы соттарының 5 съезінде Н.Назарбаев еліміздегі сот реформасын жалғастыру туралы ұсынысымызды қолдады. Жоғарғы сот басшылығы жаңа заң жобасын жасауға Елбасының рұқсатын алды» деп мәлімдеді. Сонымен қатар өзгерістердің көбіне облыстық соттарға қосымша жүктемелер жүктеу сұрақтарын қамтитынын айта келіп, алда тұрған мәселелерді былайша жіктеді: «Біз істерді қайта-қайта қарауға ұсынуды тоқтату керек деп отырмыз. Егер кімде-кім бірінші инстанциялық соттың шешімімен келіспесе, оны апелляция негізінде міндетті түрде қайта қарауға ұсынуы керек, егер іс осы сатыдан өтпесе, онда кассациялық инстанцияға жол жабық. Ал кассациясыз Жоғарғы сотқа шағымдану мүмкін болмайды. Апелляциядан өтудің екі айлық мерзімін бекіту көзделіп отыр.

Облыстық соттың төрағаларын кассациялық коллегияны басқаруға міндеттейміз. Бүгінде Жоғарғы сотта 48 судья жұмыс істейді. 1 қаңтардан бастап штат 10 немесе 15 адамға қысқарады. Бұған керісінше, облыстық соттардың штатын ұлғайту туралы мәселе алға қойылады».

Сонымен қатар «Сот жүйесі туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Үкіметте қолдау тауып, Парламенттің қарауына ұсынылды және 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған заң күшіне енетініне үміт артатынын айтты.

Еліміздегі Соттардың беделі туралы «Судьялардың үстінен сот құру саяси жағынан дұрыс емес. 1 қаңтардан бастап Астанада тек соттық қазылар алқасы қызмет істейтін болады. Оның негізгі міндетіне судьялардың кәсіби жарамдылығын тексеру, Судьялар этикасы кодексін және заң нормаларын бұзу туралы оқиғаларды қарастыру мәселелері кіреді.

1 қаңтардан бастап облыстық соттардағы тәртіптік комиссиялар таратылады, облыстарда тек Сот этикасы туралы комиссия қалады.

Бүгінгі күнде біздің алдымызда барлық рангдағы соттардың абыройы мен атақ-беделін қорғау туралы мәселе тұр, осы бағытта үлкен жұмыстар атқаруымыз керек, өйткені республикада соттардың адресіне негізсіз тиісу фактілері жиілеп кетті. Ал бұған жол беруге болмайды» деп мәлімдеді /Б.Бекназаров: «Мы должны защитить честь и имидж судей...»//«Юридическая газета», 12 қазан, 2011 жылы/.

Еліміздегі соттардың кәсіби біліктілік деңгейіне қатысты: «Тәжірибеде еліміз бойынша қылмыстық істер бойынша шығарылған үкімнің 75 пайызы, азаматтық істер бойынша қабылданған шешімнің 80 пайызы қарсы шағым түсіріліп, наразылық келтірілмегендіктен, өз күшінде қалады. Осы деректерді тұтастай алғанда қылмыстық және азаматтық істер бойынша соттар қабылдаған шешімнің небәрі 2,5 пайызы ғана заңсыз деп өзгертіледі. Демек, бұл судьялар қауымы шығарған шешімнің 97,5 пайызы заң талабына сәйкес келеді деген сөз» деді Б.Бекназаров «Заң» газетіне берген сұхбатында.

Журналистермен кездесуде Бектас Әбдіханұлы сот ісін ізгілендіру мәселесіне де көңіл аудару қажет екенін айта келіп, бұл турасындағы ойын былайша өрбітті: «Елбасымыздың тапсырмасымен қылмыстық жазаға тарту ісін жетілдіру бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылдың басында Қылмыстық кодекстің көптеген баптары талдаудан өтіп, кейбір қылмыс түрлері әкімшілік категориясына жатқызылған болатын. Ал ізгілендіру мәселесі туралы сөз еткенде, ең алдымен жасалған қылмыстың мінездемесін ескеру қажет. Экстремистік қылмыстар, оның ішінде, ауыр қылмыс түрлері жасалғанда ізгілендіру мәселесі туралы сөз болуы мүмкін емес. Бірақ қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтарға қатысты жаза белгіленгенде, жеңілдету мәселесін ескеруге болады».

Үстіміздегі жылдың 5 тамызынан бастап «Медиация туралы заң» күшіне енгені мәлім, осы орайда Жоғарғы сот төрағасы «медиация» «бітімге келу, татуласу» деген мағына береді дей келіп, өз ойын былайша сабақтады: «Медиация - латинское слово, в переводе озаначает «посредничество», то есть содействие третьей стороны в мирном разрешении споров. Процесс медиации, нацелен на примирение. Мне довелос познакомиться с судоустройством Малайзии. В этом мусульманском государстве дела, решаемые путем договоренностей, составляют 90 процентов, и лишь остальные рассматриваются судом. В Казахстане наоборот по 90 процентов дел решения принимает суд» /«Казахстанская правда», 6 тамыз, 2011 жыл/.

Біз ендігі кезекте Жоғарғы сот төрағасының бүгінгі күнде атқарып жатқан істері мен сот жүйесін жетілдірсем, жақсартсам деген ниетпен қолға алып жатқан шаралары туралы мамандардың ой-пікіріне кезек берсек.

Сағындық ЖҮРСІНБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Адамдарға арыз-шағымдарыңды бірден Жоғарғы сотқа жібермеңдер, аудандық және облыстық деңгейдегі соттардың шешімдерімен келіспеген жағдайда алдын-ала апелляциялық және кассациялық алқаларға шағымданыңыздар деп айта алмаймыз. Жоғарғы соттың азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарамай қоюға құқығы жоқ. Дегенмен Жоғарғы соттың кеңсе қызметкерлері шағымданушы азаматтарға сауатты тілмен бұл процедураны түсіндіріп отыруы тиіс, яғни облыстық соттың апелляциялық және кассациялық алқасына шағымданып барып, болмаған жағдайда ғана ең жоғарғы инстанцияға келу керек екендігін айтуы керек. Осы жүйені реттеу керек деп есептеймін.

Жоғарғы сот төрағасының судьяларды тәртіптік жазаға тарту жүйесін өзгерту туралы ұсынысын қолдаймын, яғни бұл процедураны толығымен Жоғарғы сот жанындағы сот жюриі атқаруы тиіс. Дегенмен бұл мәселенің арыз-шағымның көлеміне және маңыздылығына байланысты шешілуіне мән беру керек дер едім. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек, яғни кей жағдайларда судьялардың үстінен жеңіл-желпі арыз-шағым түсуі мүмкін, осы жағдайда Қазақстанның алыс бір түкпірлерінен ат арылтып Астанаға келу, қаншама шығын әрі негізсіз болар еді. Содан кейін тағы бір баса айтқым келетін мәселе, судьяларды нақты қаралған бір іс турасында қабылдаған жеке шешімі, пікірі туралы жазаға тарта алмайсыз, ал егер де судья біле тұрып заңсыздық жасаса, онда мәселе басқа.

Судьялардың қарап жатқан істеріне орай қоғамдық бақылау жасау дұрыс емес, істі толық қарап біткеннен кейін барып пікір айтуға болады, ал сот үкімі шықпай тұрып судьяның ісіне араласу ол заңсыздық болып есептеледі. Мәселен, мен Америкада болдым, ол жақта Жоғарғы соттың мекемесінен журналистерге арнайы кабинет беріледі, журналистер жүріп жатқан іс туралы күнделікті хабар беріп отырады, ал олардың судьяның шешіміне ықпал жасауына қатаң шектеу қойылған, бізде де осылай болуы керек деп ойлаймын.

Айтар ұсынысым, мен көп жылдар бойы судья болып қызмет атқардым, осыған орай айтарым, аудандық судьяларды халық сайлауы керек, ал облыстық судьяларға аудандық соттарда өздерінің кәсіби біліктілігімен көзге түскен азаматтарды іріктеп алу керек. Қазіргі кезде бізде сот жүйесіне, әсіресе, облыстық соттарға еңбек жалақысының жоғарылығына байланысты өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі жоқ жастар қызметке кіріп алады. Олар өздеріне жүктелер жауапкершілікті көбіне сезіне бермейді. Мәселенің осы жағына да мән беру керек.

Берік БЕКЖАНОВ, заңгер:

- Қазіргі кезде Жоғарғы сотқа түскен ауыртпалық өткен кезеңдермен салыстырғанда өте жоғары. Жұмыстың көп, оны атқаратын қызметшінің аз болуы бұл өнімнің сапасына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан мұны шешудің бір жолы ретінде қылмыстық істердің соттылығын /подсудность/ қайта қарау керек. Мәселен, барлық істер бойынша соңғы екі саты болып есептелетін аймақтық соттар /облысаралық/ құрылса. Ол сот облыстық сот пен Жоғарғы сот арасындағы сот сатысын және белгілі бір деңгейде қадағалау міндетін атқаруы тиіс. Жоғарғы сот болса, Конституцияда өзіне белгіленген міндетті, яғни соттардың қызметіне қадағалау жүргізе отырып, нормативтік қаулы қабылдау арқылы сот тәжірибесі бойынша түсініктемелер беруді жүзеге асыруы, оларға әдістемелер дайындап берумен айналысуы тиіс».

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ, заңгер-журналист:

- Адам тағдыры қолдарында тұрған дәрігер мен судьяның бір пайызға қателесуге хақысы жоқ. Ал судьяларды жауапкершілікке шақыру мәселесіне келсек, тәртіптік-біліктілік алқасында жауапкершілікке тартылған судьялардың аты-жөндерін атап, түрін түстеп, не үшін жауапкершілікке тартылғандарын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялағанда, тізімдері берілсе тиімді болар еді. Себебі Елбасының жариялылық, демократиялық саясаты бізден тек осыны талап етеді.

Бүгінгі сот жүйесіндегі судьялар жұмысын оңтайландыру шаралары туралы өз пікірін ортаға салған Алматы қалалық сотының судьясы Мәриям Қарабаева былай деді: «Сот шешімінің артында адам тағдыры тұрғанын, оның мемлекет атынан шығарылатын акті екенін ескерсек, әрбір сөйлем емес, тіпті әр нүкте, үтір екшеліп, ойланып-толғанып жазуды талап етеді. Сондықтан АІЖК-дегі сот актісін шығару мерзімі он күнге дейін ұзартылуы қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ істі апелляциялық сатыда қараудың мерзімі екі айға дейін ұзартылуы тиіс. Бұл мәселелер заң тұрғысынан шешімін тапса, біріншіден, судьялардың жұмысы едәуір жеңілдеп, екіншіден, сотқа қатысушылар тарапынан судьялар үстінен түсетін шағымдар толастар еді».

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, ҚР еңбек сіңірген заңгері, құрметті судья, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- «Судьяның іс шешуіне араласу, тәуелсіздігіне қол сұғу - оның тәуелсіздігіне жасалған қиянат. Әділдіктен ауытқуға әкеп соғатын жол. Ерік-жігері төмен, өз тәуелсіздігін қорғай алмайтын судья ықпалдының ығына жығылады. Осыдан сот әділдігі тазалықпен атқарылмайды. Бұл айтып отырғанымыз - өмірде орын алған, қалыптасқан дәстүр. Осыны жоймайынша, сот билігі тазалық таразысын тең тартып отыр деп айта алмаймыз. Іс қарауда өз білім-жігері мен тәуелсіздігін қорғай отырып, батыл шешім шығаратын, ар-ожданын аяққа бастырмайтын судья болу керек. Бас шұлғи беретін жағымпаз, жалтақ, өзін қорғай алмайтын, өзінің ойымен емес, басқаның басқаруымен жұмыс істейтін судьялардан арылуымыз керек...» (Е.Қыдыр, «Бүгінгі сот жүйесі: күнгей мен көлеңке», «Егемен Қазақстан» газеті, 2011 жыл, 13 қыркүйек) .
 
Мариям ҚАРАБАЕВА, Алматы қалалық сотының судьясы:

- Қазіргі заңнама бойынша заң шығару туралы бастама көтеру мемлекеттік атқару және заң шығарушы билік тармақтарына берілген де, ал сот билігі осы құқықтан мақұрым қалған. Заңды күнделікті қолданып, зерттеп-зерделеп, елеп-екшеп отырған органның бұл құқықтан шет қалуы, біріншіден, мемлекеттік биліктің үш тармағы арасындағы тепе-теңдік принципіне кереғар болса, екіншіден, ұлттық заңнаманы жетілдіру жұмысына жедел және кәсіби деңгейде үлес қоса алатын білікті саланың әлеуеті мен мүмкіндігі пайдаланылмай отыр.

Судьялардың әлеуметтік-материалдық жағдайы туралы: «Жақында бір әріптесіміз Германияға іссапармен барып келді. Біз ұмтылып отырған роман-германдық құқықтық жүйе бойынша жұмыс істейтін Германияда әр судья айына 8-10 іс қарайды екен. Процессуалдық заңдары бойынша іс қарау мерзімі екі жылға, сот актісін жазу уақыты - бір-екі айға дейін, жалақылары еңбек өтіліне қарай 4-11 мың евро болса, жұмыс уақыты өз қалауларымен белгіленеді екен. Біздегідей судьяның 9-дан 18-ге дейін жұмыста отыруы, оны сот актісінің сапасы үшін жазалау деген ұғымдар жоқ».

Дөңгелек үстелге қатысқан университет қонағы Польшаның Н.Коперник атындағы университетінің профессоры, танымал журналист Ивона Масаки былай деді: «Қазақстанда сот реформасы жақсы жүріп жатыр екен, қазіргі Жоғарғы соттың төрағасы Б.Бекназаров мырзаның сот жүйесінің дамуына реформалық өзгерістер, толықтырулар жасаған қадамы құтты болсын дегім келеді. Бүгінгі азаматтардың оң пікірлері өте құптарлық және демократиялық жетістіктер деп айтар едім».

Осы жоғарыдағы қоғамдық пікірлерді саралай келе, баспасөздегі жарияланымдарды оқи отырып, қазіргі сот жүйесінде оң өзгерістердің белең алып жатқанын, жаңа басшының өзіндік бастамалары қоғам тарапынан қызу қолдау тауып жатқанын аңғардық.

Мен (Е.Алауханов) бұрынғы сот жүйесінің қызметкері ретінде және маман-ғалым ретінде айтарым, сот жүйесінде қызмет істеу, оның ішінде судья болу - оңай шаруа емес. Жоғарғы соттың мәліметі бойынша жылына 1 миллионға жуық сот істері қаралады, ал енді осы қаралған істердің шағым бойынша заңдылығын тексеруге Жоғарғы сотта қаншама қауқар қажет, сондықтан жаңа төрағаның жаңа заң жобасын ұсынуы да құптарлық.

Бұл сот саласындағы реформалық өзгерістер деп қабылдауымыз қажет, бұл заңның жобасы баспасөз беттерінде бірнеше рет төраға Б.Бекназаровтың баяндамаларында айтылған болатын.

Әрине, «Мәскеу бір күнде құрылған жоқ» дегендей, әлі де алда сот жүйесін жетілдіру ісі өз жалғасын табатыны сөзсіз. Сот саласын дамытуда әлем елдерінің озық тәжірибелерінен үлгі алу ісі де тоқтамауы қажет, міне, осылардың негізінде біз өзіміздің қазақстандық моделімізді үлгілі етіп, бекітіп алуымыз қажет, бұл бағытта да ізгілікті шаралар атқарылып жатыр, осы мақсатта биыл ғана еліміздің сот жүйесінің Халықаралық соттар қауымдастығына мүше болып кіруі - бұл үлкен адалдықтың кепілі ретінде қабылданып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы үлкен жетістік.

Тағы бір ойға түйгеніміз, сот беделін көтеруге жалғыз сот жүйесінің қызметкерлері емес, біздер, яғни қоғам мүшелері де атсалысуымыз керек.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырған:
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлары:
Есберген АЛАУХАНОВ,
Орынтай ОШАНОВА
 
 
Экономический Суд Содружества Независымых Государств Генеральная Прокуратура Республики Казахстан Парламент Республики Казахстан Министерство Внутренних дел Республики Казахстан База данных нормативных правовых актов Республики Казахстан Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы Сайт Правительства Республики Казахстан Агентство Республики Казахстан по борьбе с экономической и коррупционной преступностью Электронное правительство Республики Казахстан Сайт Президента Республики Казахстан

© Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, 2011 Барлық құқықтар қорғалған. Материалдардың қолдануы туралы