23.02.2010
Алматыда, Жоғарғы Соттының ұйымдастыруымен қылмыстық-құқықтық саладағы заңнаманы либерализациялаудың жәй-күйі мен негізгі бағыттары жөнінде дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Жоғарғы Соттың төрағасы М.Әлімбеков,Конституциялық кеңестің төрағасы И.Рогов, Бас Прокурор Қ.Мәми, сонымен қатар Парламент депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Үстел басында қоғамдық қауіп тудырмайтын қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатқызуды, сондай-ақ, жазаны жеңілдету жолымен жекелеген қылмыстардың ауырлық дәрежесін қайта бағалауды көздейтін Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен Ел президентінің «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының қағидаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қылмыстық құқықты одан әрі либерализациялау жүргізіліп отырған қүқықтық саясаттың басым бағыты болса, қоғамдық қауіп тудырмайтын жекелеген қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық қатарына жатқызу жазаны жасалған әрекет ауырлығына сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарының назарын неғұрлым ауыр қылмыстарға аударуға жұмылдыруға, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін болады. Дөңгелек үстел барысында жазаның бас бостандығынан айыру сияқты түрін қолдануды барынша азайту, оны Қылмыстық кодекстің кейбір баптарынан алып тастау, сондай-ақ жазаның адамды қоғамнан оқшаулаусыз басқа түрлерін іс жүзінде қолдануды кеңейту туралы мәселелер сөз болды. Еліміздің қылмыстық саясатын жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару құқығын кешенді, өзара байланысты түрде түзетуді көздейді. Жиналғандар назарынан еліміздің қылмыстық-атқару жүйесін реформалау перспективасы, сотталғандарға қатігездікпен қарау және қылмыстық қудалауға іліккен адамдардың басқа да конституциялық кұқықтарының бұзылу фактілерін болдырмау жәйттері де тыс қалмады. Қатысушылардың көпшілігі мемлекет қабылдап отырған шаралар жалпы алғанда қылмыстық құқықтың үдемелі дамуын қамтамасыз ететіні жөнінде пікір білдірді. Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесінде қылмыстық-кұқықтық саладағы заңнаманы жетілдіру кезінде ескерілуге тиіс бірқатар ұсыныстар жасалды.